Главная » Статьи » Мои статьи

«Санамда қалды жаңғырық»
Мұнардай елес..

Мұздатып бойды мәңгілік..

Санамда сол бір желтоқсан салған жаңғырық..

Қып-қызыл алау тұтанды ақ қар бетінде

Кіршіксіз жаны қатігездерді таң қылып


Қып-қызыл алау

Елемей қыстың ызғарын

Ерітбек болды тоңмойындықтың мұздарын

Елім деп соққан жүректерінде ерлігі
Таныды ұлтым өрімдей ұл мен қыздарын


Тағдыры тасқын

Халқымның болып құрбаны

Рухымның биік болсам деп қайсар қорғаны

Алаңға шыққан алғаусыз аппақ пейілдер

Саясат соққан сойылдан ғана сорлады


Ақ қардың беті

Қып-қызыл қанға боялып..

Жас жүректерде намыстың оты оянып

Қанымдай қымбат қарашаш қыздың бұрымын

Сүйреткендердің қан төгу еді ойы анық..


Қайран да қайран..

Аналар қалды шырқырап..

Жанарларында жауапсыз жалғыз бір сұрақ

Қанасын жарып өрбіген ұл мен қызының

Қазасы үшін кімдерге бармақ құн сұрап..


Ақшаңқан аспан..

Бұлттарға шағып мұң-зарын

Үдетті жел боп желтоқсанымның ызғарын..

Жауыздық үшін жер-ана жалғыз жабырқап..

Құлазып артты құзға мұң...


Жер болып жаны..

Табиғат тұрды теңселіп..

Куәсі болған ай менен күнге жер серік..
Аң менен құс та жабайы күшке таң болып..

Ұяттан тұрды өртеніп..


Қаракөз жастың..

жанары жасқа малынып..

Егемен елдің ертеңіне артып бар үміт..

Азаттық аңсап, ах ұрған адал тілегін..

Тәңірден тосты жалынып..


Жарқ етіп сосын..

Жаратқанымның жасыны..

Азаттық жетті аңсаған елдің асылы..

Желбіреп көкке қазақтың көркем байрағы..

Төрткүл дүниеге ұлтымның даңқы тасыды..


Қазақтың елі..
қазақтың жері гүлденіп..
Қасиетіне көктегі күн де нұр беріп..

Көгімде кәусар әнұран тұрды қалықтап..

Түнерген аспан, тұңғиық, әсем түрге еніп..


Тәуелсіз елдің..

Тарихы тасқа басылып..

Танымағандар, таңдайын қақты бас ұрып..

Тұяғы бүтін тұлпардың тілеп саулығын

Тәубе дескендер ,етпегей енді асылық..


Ертегі сынды..

Елім тұр бүгін сән құрып..

Баянды болсын, бақытың елім мәңгілік..
Жауқазын жастың қанымен келген теңдігім..
Серпілсем дағы...

санамда қалды жаңғырық..

Категория: Мои статьи | Добавил: Толкын (07.12.2010)
Просмотров: 622 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
ев мне рипнуть не удалось: по скольку такое не сделать на uCoz, но я поставил форму как на DLE. -->
Добавить комментарий